Маусым қорытындысы. Ақтөбе

5 maýsym
162

Командалардың Қазақстан жастар чемпионатының кезекті маусымындағы өнерін қорытындылауды жалғастырамыз. Бүгін әңгіме «Ақтөбе» туралы болмақ.

Нәтиже

Соңғы төрт маусым бойы «Ақтөбе» плей-офф қорытындысы бойынша тұрақты түрде үздік төрт команданың қатарынан көрініп келеді. Ал 2025 жылдың көктемінде команда тіпті финалға дейін жеткен болатын. Өткен маусымда да батысқазақстандық ұжым тұрақты чемпионатты сенімді өткізіп, тек «Барыс» пен «Карметке» ғана жол берді. Сондықтан Леонид Панков шәкірттері «Алматыға» қарсы ширек финалдық серияға айқын фаворит ретінде шықты. Оның үстіне, бұған дейін маусымдағы өзара өткен төрт кездесудің барлығында да «Ақтөбе» жеңіске жеткен еді. Алайда серияның бесінші матчында жартылай финалға жолдаманы оңтүстік астана өкілдері иеленді.

Оқиғалар

Сол шешуші ойын 93 минут 22 секундқа созылып, өткен маусымдағы ұзақтығы бойынша екінші матч атанды. Жалпы, бұл серияны маусымның ең жарқын оқиғаларының бірі деп атауға болады. Ақтөбеліктер өз алаңында қатарынан екі рет жеңілгеннен кейін сырт алаңда ерлікпен қарымта қайтарып, серияны қайтадан өз мұз айдынына жеткізді. Шешуші кездесудің өзінде де «Ақтөбе» 1:3 есебімен жеңіліп жатып, негізгі уақыттың аяқталуына бір жарым минут қалғанда таразы басын теңестіріп, ойынды овертаймға ұластырды. Алайда қарсылас қақпасына 66 дәл соққы жасағанына қарамастан, матч тағдырын өз пайдасына шешу мүмкін болмады.

Көшбасшылар

Маусым барысында Матфей Катасонов айтарлықтай ілгерілеу көрсетті. Ол өзінің нәтижелілік рекордын екі есеге жуық жақсартып, жалпы маусымда 36 шайба соғып, 34 нәтижелі пас беріп, 70 ұпай жинады.Сонымен қатар, тұрақты чемпионат қорытындысы бойынша ол лиганың ең нәтижелі бес ойыншысының қатарына енді.Ал Савелий Потапов 50 ұпайлық межеден асып, 18 шайба мен 35 нәтижелі пастың арқасында 53 ұпай еншіледі.

Цитата

– Тұрақты чемпионатты жаман өткізген жоқпыз, бірақ плей-оффтағы нәтиже көңіл көншітпеді. Соған қарамастан, қиын матчтарда команда мінез көрсетіп, өз бойынан күш тауып, табысқа жете алғанын оң көрсеткіш ретінде бағалауға болады, – деп қорытындылады «Ақтөбенің» бас бапкері Леонид Панков.– Мінез – біздің басты артықшылықтарымыздың бірі болды. Дегенмен кейбір ойындарда физикалық күш жетіспеді, ал кейбір кездесулерде жігіттердіңпсихологиялық тұрғыдан әлсірегені байқалды.

Қорытынды

Батыс Қазақстан командасының чемпионат көшбасшыларының қатарына қайта оралып, тіпті жүлделер үшін күресуге толық мүмкіндігі бар.Алайда бұл мақсатқа жету үшін көптеген ойыншылар, ең алдымен, психологиялық тұрғыдан өсуі қажет. Өйткені шешуші сәттерде дұрыс шешім қабылдап, қысымға төтеп бере білу – жоғары нәтиженің басты шарттарының бірі.


ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Jas Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.