Артём Кисель: «Әрдайым көбірегіне, максимумға жеткің келеді, алайды минимумды орындаудың өзі оңай емес»

23 sáýir
536

«Астана» клубының бас бапкері Jastar Ligasy-дегі өзі үшін дебюттік маусымдағы команданың ойынын қорытындылады.

- Артём Викторович, маусымды қорытындыласаңыз.

- Егер мектебіміздегі қазіргі жағдайдан бастасақ, бір маңызды нәрсені түсіну керек: бізде жеті жылдан бері ересектер арасындағы кәсіби команда жоқ. Соның салдарынан маусымнан маусымға құрамды, әсіресе алдыңғы қатарға шығатын негізгі ойыншыларды сақтап қалу өте қиын. Бұл өткен жылғы чемпиондықтан кейін айқын байқалды. Жігіттер көзге түсіп, жақсы ұсыныстар жасалып, қабыл алды. Нәтижесінде, әр маусымаралық кезеңде біз жай ғана құрамды жаңартпай, іс жүзінде команданы қайтадан құруға мәжбүрміз. Басқа клубтарда бұл үдеріс анағұрлым жүйелі әрі тұрақты: жасына байланысты 5–6 ойыншы кетеді, олардың орнын БЖСМ-дан дайындалған тәрбиеленушілер басады. Бапкерге команданы бұзып, қайта құрудың қажеті жоқ, ойыншылар жүйеге табиғи түрде кірігіп, жұмыс жалғаса береді. Дәл сондықтан мұндай клубтар жыл сайын чемпиондық мақсат қоя алады. Біздің жағдайда мектеп басшылығы маусымға кірердегі нақты мүмкіндіктер мен құрамға сүйенді. Екі нақты әрі орынды мақсат қойылды: біріншісі – плей-офф кезеңіне шығу, екіншісі – шешуші ойындарда лайықты қарсылық көрсетіп, жігерсіз жеңілмеу.

- Бұл міндеттерді орындау қаншалықты қиын болды?

- Плей-оффқа шығу оңайға соққан жоқ. Біз ол кезеңге сегізінші орыннан өттік, әрі күрес тұрақты чемпионаттың соңына дейін жалғасты. Шешуші фактор – маусымның соңғы бөлігі болды. Маңызды жеңістер сериясы бізге плей-оффтағы орнымызды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Шешуші ойындарда, менің ойымша, команда лайықты деңгейде көрінді. Біз сериядағы алғашқы ойында жеңіске жеттік. Үшінші матчта өз алаңымызда екінші кезеңнен кейін есеп тең болды. Өкінішке қарай, орынсыз аластату мен қарсыластың басымдықты тиімді пайдалануы бізге кері әсер етті. Шешуші ойында қорғанысқа басымдық бердік. Екінші кезеңнің соңына дейін жоспар жұмыс істеді, бірақ өрескел қателік салдарынан гол жіберіп алдық, кейін аз құрамда тағы бір шайба өткізіп, соңында бос қақпаға гол жібердік. Жалпы, маусымға қойылған екі міндетті де орындадық деп есептеймін.

- Жастар лигасынан жасына қарай кететін ойыншылар бар ма? Олармен әрі қарайғы жоспарларды талқыладыңыздар ма?

- Ондай жігіттер бар. Бірі оқуына көбірек көңіл бөледі, енді бірі кәсіби мансабын таңдауға ұмтылады. Бұл – өмірге және алдағы қадамдарына қатысты өз көзқарасы қалыптасып келе жатқан, жасы жиырмаға таяған ересек спортшылар. Егер ойыншы жігерлі болып, болашақтан үмітті болса, біз міндетті түрде көмектесеміз: ұсыным береміз, клубтармен байланысамыз. Бізде іс жүзінде барлық мектептермен және командалармен байланыс бар. Өз тәрбиеленушілеріміз үшін әрдайым алаңдаймыз және оларды қолдаймыз – мейлі клубтық мансапта болсын, мейлі ұлттық құрамаларда болсын. Ал егер біреу басқа жолды таңдаса, бұл – оның өз құқығы. Бұл жаста шешімдер саналы түрде қабылданады.

- Маусымаралық кезеңге қандай көңіл-күймен кетіп барасыз және келесі маусымда жанкүйерлер не күте алады?

- Маусымаралық кезең туралы айтуға әлі ерте. Алда команда демалысқа шыққанға дейін әлі көп жұмыс бар. Осы кезеңде техникалық дайындыққа басымдық береміз. Шеберліктің шегі жоқ, әлі де ұштайтын тұстар бар. Алға қойылған міндеттерді орындағанда, тоқмейілсу пайда болады. Иә, әрдайым көбірегіне, максимумға жеткің келеді, алайды минимумды орындаудың өзі оңай емес. Сондықтан белгілі бір деңгейде қанағат бар.


ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Jas Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.