Маусым. Құлагер

28 mamyr
101

Қазақстан жастар чемпионатының кезекті маусымындағы командалардың өнерін қорытындылауды жалғастырамыз. Бүгін сөз «Құлагер» командасы туралы болмақ.

Нәтиже

Өткен маусыммен салыстырғанда, «Құлагер» белгілі бір деңгейде алға қадам басты деуге болады: команда көбірек жеңіске жетіп, ұпай санын да арттырды. Алайда бұл жолы да плей-офф кезеңіне шығу мүмкін болмады. Бір қызығы, бұдан екі маусым бұрын дәл осы 35 ұпай Jastar Ligasy-ның үздік сегіз командасының қатарына енуге жеткілікті болған еді. Ал үш жыл бұрын петропавлдық ұжым тіпті финалда ойнаған. Биыл болса, «Құлагерге» плей-офф аймағына кіру үшін 16 ұпай жетпей қалды.

Оқиғалар

Солтүстікқазақстандықтар өткен плей-офф кезеңіне қатысқан азулы «Сұңқармен» маусымдық текетіресте басым түсті – төрт матчтың үшеуінде жеңіске жетті. Бір қызығы, осы жеңістердің барлығы да есептегі ең аз айырмашылықпен аяқталды. Ал маусымдағы ең ірі жеңісін «Құлагер» Рудныйда жергілікті «Горнякқа» қарсы кездесуде тіркеп, қарсыласын 7:0 есебімен ойсырата ұтты.

Көшбасшылар

Петропавлдықтардың ең нәтижелі ойыншысы ретінде іс жүзінде Артур Хусаиновты атауға болады. Ол орташа өнімділігі бойынша өз мансабындағы ең үздік маусымын өткізіп, 35 матчта 35 шайба соғып, 17 нәтижелі пас берді (35+17). Сондай-ақ Максат Ильястың да бомбардирлік көрсеткіші айтарлықтай өсті (17+35). Плей-офф кезеңіне келгенде осы екі ойыншының екеуі де «Сұңқар» сапына ауысып кетті. 30 ұпайлық межеден Сергей Телегин (15+22) мен Иван Седов (17+19) де асты. Ал Седов маусым барысында команданың барлық 48 матчына қатысқан.

Цитата

– Біз плей-оффқа шыға алмадық және маусымды тым ерте аяқтадық, – деп қорытынды жасады «Құлагердің» бас бапкері Максим Первухин. – Команданың мүмкіндігі мен әлеуеті бізге чемпионаттағы күресті жалғастыруға жететін еді деп есептеймін. Бірақ тәжірибе, шеберлік және ойын тәртібі жетіспеді. Бізде дайындыққа жақсы жағдай жасалған, барлық қажетті мүмкіндік бар. Жігіттер жеке тұрғыда да, командалық әрекеттерде де дамып келеді. Сондықтан болашаққа сеніммен қараймыз.

Қорытынды

Өткен кезеңмен салыстырғанда солтүстікқазақстандықтар сөзсіз алға қадам басты. Сонымен қатар ұжым чемпионаттың аутсайдерлерімен кездесулерде тұрақты түрде жеңіске жетуді үйренді. Ендігі міндет – плей-оффқа шығу үшін күрестегі басты қарсыластарымен матчтардағы жеңіс пайызын арттыру.


ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Jas Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.