Қазақстан жастар чемпионатының кезекті маусымындағы командалардың өнерін қорытындылауды жалғастырамыз. Бүгін сөз «Астана» командасы туралы болмақ.
Нәтижелер
Чемпиондықтан кейінгі маусым «Астана» үшін айтарлықтай ауыр өтті. Елордалықтардың көптеген көшбасшылары чемпион атанғаннан кейін басқа клубтарға ауысып кетті. Соның нәтижесінде тұрақты чемпионатта жеңістер жеңілістермен алмасып отырды. Алайда едәуір жасарған құрам плей-оффқа жолдама алуға күш тауып, тіпті Jastar Ligasy-ның болашақ финалисі «Карметке» қарсы ширек финалдық серияда бір матчта жеңіске жетті. Дегенмен одан әріге команда ресурсы жетпеді.

Оқиғалар
Қазан айының басында қақпашы Максим Орешко 126 минут 31 секундқа созылған гол жібермей ойнау сериясын көрсетті. Іс жүзінде бұл «құрғақ» серия 4 кездесуге созылды. Жалпы алғанда, маусым барысында елордалықтар 5 рет қақпаларын голдан «таза» сақтап жеңіске жетті.
Көшбасшылар
Тұрақты чемпионатта команданың ең нәтижелі ойыншысы Владимир Чепышкин болды (30+33), ол лиганың үздік бомбардирлерінің топ-8 қатарына енді. 18 жастағы Абдуррахим Қыдырбай да айтарлықтай прогресс көрсетті (19+24), ол маусымда 40 ұпайлық межеден асқан командадағы екінші ойыншы атанды. Қызығы, плей-оффта команда соққан 5 шайбаның 4-еуін дәл осы екі хоккейші өз еншісіне жазды.

Цитата
– Бізге іс жүзінде әрбір маусымаралық кезеңде құрамды жай ғана жаңартып қоймай, команданы қайтадан құруға тура келеді, – деп қорытындылады «Астананың» бас бапкері Артём Кисель. – Плей-оффқа шығу өте қиын болды. Біз оған сегізінші орынмен кірдік, ал күрес тұрақты чемпионаттың соңына дейін созылды. Шешуші фактор – маусымның фиништік бөлігі болды. Маңызды жеңістер сериясы бізге плей-оффтағы орнымызды қамтамасыз етті. Шешуші матчтарда, менің ойымша, команда лайықты деңгей көрсетті.

Қорытынды
Чемпиондық атағын тапсырғаннан кейін «Астана» құрамын тағы да айтарлықтай жасартып, лигаға жасөспірімдер арасынан жаңа жарқын ойыншыларды қосты. Маусымаралық кезеңде мектеп басшылығы өз көшбасшыларын сақтап қалуға тырысатыны анық, алайда чемпионаттың үздік төрт командасы қатарына қайта оралу үшін тәжірибелі ойыншылар есебінен сапалы күшейту қажет сияқты.
ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Jas Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.
Qarmet
Barys
Aqtóbe
Torpedo
Jas Batyr