Маусым қорытындысы. Жас Батыр

3 maýsym
202

Командалардың Қазақстан жастар чемпионатының кезекті маусымындағы өнерін қорытындылауды жалғастырамыз. Бүгін әңгіме «Жас Батыр» туралы болмақ.

Нәтиже

Қатарынан екі рет Jastar Ligasy тұрақты чемпионатында жеңіске жеткеннен кейін атыраулық ұжым қарқынын сәл бәсеңдетіп, плей-офф кезеңіне тек бесінші орынмен шықты. Нәтижесінде оларға чемпиондыққа басты үміткерлердің бірі саналатын «Торпедо» қарсылас болды.Өздерінің ересектер құрамындағы «Бейбарыс» командасынан айырмашылығы, «Жас Батыр» хоккейшілері Өскемендік ұжыммен өткен ширек финалдық серияда бір жеңіске қол жеткізе алды. Алайда төрт ойында 24 шайба жіберіп алған команда үшін бұл серияда бұдан да жоғары нәтижеге үміт арту өте қиын болды.

Оқиғалар

Қазан айының соңында «Жас Батыр» сол кездегі маусымның сөзсіз көшбасшысы болған «Карметтің» жеңісті сериясын тоқтатқан команда атанды. Чемпионат басталғалы бері «сары-қаралар» қатарынан 14 матчта жеңіске жеткен еді, алайда одан кейін атыраулық ұжымнан екі ойында қатарынан жеңіліс тапты. Оның үстіне бұл кездесулердің екеуі де металлургтер қаласында өтті.

Көшбасшылар

Марк Забурдяев (30+31) мен Кирилл Юдин (29+31) дуэті команда соққан барлық шайбалардың 30 пайызын өз еншілеріне жазды. Жалпы, екеуі де маусымды 60 ұпай межесімен аяқтап, пайдалы әрекет коэффициенті бойынша тиісінше +24 және +25 көрсеткіштеріне қол жеткізді.

Қақпашы Дулат Еркінов тұрақты чемпионат қорытындысы бойынша қайтарылған соққылар пайызы (92,7%) көрсеткішімен екінші орынға ие болды.

Цитата

– Маусымның соңғы ойындарында кей тұстарда шамадан тыс толқыдық, кей жерде шыдам таныта алмадық, ал кей сәттерде өз күшімізге сенім жетіспеді. Жалпы, бәрі аумалы-төкпелі болы, – деп қорытындылады «Жас Батырдың» бұрынғы бас бапкері Данияр Ахметов. – Тұтастай алғанда, чемпионат өте ауыр болды: жолда көп уақыт өткіздік, жаттығу жасауға мүмкіндік аз болды. Маусым соңына қарай құрамның қысқалығы да әсер етіп, ойыншылар эмоциялық тұрғыдан шаршады. Көзінде оты бар жастарды ерекше атап өткім келеді, бұл, сөзсіз, қуантады. Менің ойымша, барлық жігіттер бар күш-жігерін салып, 120 пайызға еңбек етті. Сол үшін оларға үлкен алғысымды білдіремін.

Қорытынды

Алдағы маусымда «Жас Батырды» жаңа, бірақ командаға жақсы таныс бас бапкер Олег Санаров жаттықтырады. Оның басты мақсаты – атыраулық ұжымды қайтадан жүлдегерлер қатарына қосу.Өйткені дәл оның жетекшілігімен «Жас Батыр» өз тарихындағы әзірге жалғыз Jastar Ligasy күміс жүлдесін жеңіп алып, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жастар кубогін иеленген болатын.


ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Jas Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.