Командалардың Қазақстан жастар чемпионатының кезекті маусымындағы өнерін қорытындылауды жалғастырамыз. Бүгін әңгіме «Алматы» туралы болмақ.
Нәтиже
Оңтүстік астана ұжымы екінші жыл қатарынан турнир кестесінің төменгі бөлігінен плей-оффқа шығып, лиганың үздік төрт командасының қатарына енді.Ширек финалда «Алматы» тартысқа толы бесінші матчта тұрақты чемпионатты үшінші орынмен аяқтаған «Ақтөбені» жарыс жолынан шығарды.Алайда бұл жеңіс Юрий Бородулин шәкірттері үшін маусымдағы соңғы табыс болды. Чемпионаттың болашақ жүлдегерлері – «Кармет» пен «Торпедоға» қарсы өткен сериялар ең аз матч санымен аяқталды.

Оқиғалар
Жанкүйерлердің жадында команданың желтоқсан айындағы сәтті серпілісі ұзақ сақталары сөзсіз. Сол кезеңде алматылықтар 10 матчтың 8-інде жеңіске жетіп, оның алтауын сырт алаңда тіркеді.Осы ойындардың бірінде команда маусымдағы ең нәтижелі матчтарының бірін өткізіп, «Горнякты» 17:1 есебімен ойсырата жеңді. Бұл кездесуде Арыстан Әмірқанов бірден 10 (5 шайба + 5 нәтижелі пас) ұпай жинап, ерекше өнер көрсетті.Жаңа жылдан кейін «Алматы» қатарынан тағы алты жеңіске жетіп, іс жүзінде плей-оффтағы орнын алдын ала қамтамасыз етті.

Көшбасшылар
Жоғарыда аталған Арыстан Әмірқанов өткен маусымда команданың үздік бомбардирі атанды. Ол плей-оффты қоса есептегенде 47 матчта 34 шайба соғып, 41 нәтижелі пас беріп, жалпы 75 ұпай жинады.Данила Шевченко Jastar Ligasy-дағы алғашқы маусымының өзінде-ақ 60 ұпайлық межеге жақындай түсті. Оның еншісінде 58 ұпай (29 шайба + 29 нәтижелі пас) бар.Ал Александр Павлов тұрақты чемпионат қорытындысы бойынша қайтарылған соққылар пайызы (91,7%) көрсеткішімен лиганың үздік бес қақпашысының қатарына енді.
Цитата
– Жалпы алғанда, өткен чемпионаттағы команданың өнеріне көңілім толады, – деп өз пікірін білдірді «Алматының» бас бапкері Юрий Бородулин. – Әсіресе, құрамның 90 пайызын Алматыдағы хоккей мектептерінің түлектері құрағаны қуантады. Олардың көпшілігі клуб жүйесіндегі дайындықтың барлық кезеңінен өтіп, жоғары деңгейде өздерін көрсету мүмкіндігіне ие болды.Біз команданың негізгі құрамын сақтап қалып, жекелеген позицияларды нүктелі трансферлер арқылы күшейтіп, жаңа маусымға бұдан да мықты болып келуді жоспарлап отырмыз.

Қорытынды
«Алматы» плей-оффтың тұрақты қатысушысы мәртебесін нығайтып қана қоймай, алғашқы кезеңнен өтуді де үйренді. Оның үстіне команда талай рет жүлде үшін күрестің басты фавориттерін жарыс жолынан шығарып келеді.Алайда алматылықтардың өздеріне әзірге жүлделер үшін таласқа түсу сәті түспей отыр.
ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Jas Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.
Qarmet
Barys
Aqtóbe
Torpedo
Jas Batyr