Маусым қорытындысы. Кармет

9 maýsym
223

Командалардың Қазақстан жастар чемпионатының кезекті маусымындағы өнерін қорытындылауды жалғастырамыз. Бүгін әңгіме «Кармет» туралы болмақ.

Нәтижелер

«Карметті» осы маусымның басты жаңалығы деуге толық негіз бар. Соңғы төрт жылда «сары-қаралар» үш рет плей-оффтың алғашқы кезеңінен аса алмай қалса, бір маусымда тіпті үздік сегіздікке де ене алмады. Ал биыл команда өз тарихында алғаш рет Jastar Ligasy-ның күміс жүлдесін жеңіп алып, қазақстандық хоккейге жаңа есімдерді танытты. Бұл жерде тек ойыншыларды ғана емес, бәсекеге қабілетті ұжым қалыптастырған Максим Худяков пен Евгений Болякиннің бапкерлік тандемін де атап өткен жөн.

Маңызды оқиғалар

«Кармет» тұрақты чемпионаттағы 48 матчтың 42-сінде жеңіске жетіп, негізгі уақытта небәрі үш рет қана жеңілді. Маусым барысында команда 17 матчты қақпасына гол жібермей аяқтады. Қарағандылықтар финалға дейін бар болғаны сегіз матчта жетті. Бірақ олардың ең үлкен жеңісі мұз айдынында ғана емес, трибунада да болды деуге болады. Финалдық кездесулерде металлургтер қаласының мұз сарайы лық толып, жанкүйерлер өз командасына ерекше қолдау көрсетті.

Көшбасшылар

«Сары-қаралардың» ойыншылары бірден екі жеке марапатқа ие болды. Алексей Зюзин өзінің мансабындағы ең үздік маусымын өткізіп, чемпионаттың үздік қақпашысы атанды. Ал тұрақты чемпионаттың үздік сұрмергені Никита Рублёв үздік шабуылшы атағына лайық деп танылды. Ол бір маусымда 100 ұпайлық межеден асып, 61 гол соғып, 42 нәтижелі пас берді. Плей-офф кезеңінде көшбасшылық жауапкершілікті Тимофей Симонов өз мойнына алды. Ол 15 матчта 18 (12+6) ұпай жинады. Жалпы маусымның қорытындысы бойынша шабуылшы 50 кездесуде 74 ұпай еншіледі.

Цитата

– Біз өз алдымызға ең жоғары мақсаттарды қойып, сол бағытта еңбек еттік, ойын сапасын жаңа деңгейге көтеруге тырыстық, – деді «Карметтің» бас бапкері Максим Худяков. – Осы маусымда жігіттер кәсіби тұрғыдан айтарлықтай өсті. Психологиялық жағынан да көпшілігі өзіне сенімді бола түсті. Жеңімпаздық рух қалыптасты. Біз жастар лигасында да сапалы әрі тартысты хоккей бар екенін көрсеттік. Сондықтан осы жолдан үлкен ләззат алдық.

Қорытынды

Финалдық серияның шешуші жетінші матчында жеңілгеніне қарамастан, «Кармет» күміс жүлдені жеңіп алып қана қоймай, Қарағанды облысынан тыс жерлердегі көптеген жанкүйердің құрметі мен ықыласына бөленді. Алдағы маусымда көптеген хоккейші ересектер деңгейіне қадам басады. Бұл жастар хоккейінде жаңа есімдердің жарқырауына және олардың кем дегенде осы команданың жетістігін қайталауға мүмкіндік береді.


ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Jas Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.