Маусым қорытындысы. Барыс

10 maýsym
219

Командалардың Қазақстан жастар чемпионатының кезекті маусымындағы өнерін қорытындылауды аяқтаймыз. Бүгінгі әңгіме «Барыс» туралы болмақ.

Нәтижелер

Өткен сәтсіз маусымнан кейін «Барыстың» жүлделі орындарға қайта оралуға дайын екені көпшілік үшін тосын жағдай болған жоқ. Күздің басында елордалық ұжым Jastar Ligasy кубогін жеңіп алды. Одан кейін плей-офф басталар алдында бапкер ауысқанына қарамастан, тұрақты чемпионатты бірқалыпты өткізді. Ринат Омарбеков шәкірттері алғашқы екі кезеңнен жалпы 7:0 жеңіс есебімен сүрінбей өтті. Алайда финалда «Карметтің» айтарлықтай қарсылығына тап болды. Соған қарамастан шешуші сәттерде елордалық хоккейшілердің салқынқандылығы мен тәжірибесі басым түсті.

Маңызды оқиғалар

Бұл чемпиондық «Барыс» тарихындағы алтыншы титул болды. Бұл – Jastar Ligasy клубтары арасындағы ең үздік көрсеткіш.

Сонымен қатар команда ерекше нәтижелілігімен көзге түсті. Тұрақты чемпионатта жас «барыстар» 300 шайба межесінен асқан жалғыз ұжым атанды. Олар қарсыластар қақпасына 318 шайба соғып, бір ойынға шаққанда орта есеппен жетіге жуық голдан енгізді.

Көшбасшылар

«Астанамен» бірге чемпион атанғаннан кейін Алдияр Қабдуәли нәтижеліліктің жаңа деңгейіне көтеріліп, тұрақты чемпионаттың екінші үздік сұрмергені болды – 31 гол және 54 нәтижелі пас. Ал плей-оффта Әмір Ғафуров ерекше көзге түсіп, 14 матчта 15 (5+10) ұпай жинады. Сондай-ақ маусым барысында 43 шайба соққан Нұралы Айтмағамбетовтің мергендік қабілетін де ерекше атап өткен жөн.

Цитата

– Бапкерлер штабы ауысқаннан кейін жігіттер жаңа талаптарға тез бейімделді. Жалпы ойын жүйесі бұрынғыдай белсенді болып қалды. Тек қорғаушылардан өз аймағында тәртіпті әрі сенімді ойнауды талап еттік, – деді «Барыстың» бас бапкері Ринат Омарбеков. – Біз өз хоккейімізді көрсеткен кезде айтарлықтай қиындықтарға тап болған жоқпыз. «Карметпен» өткен финал бүкіл лига үшін тамаша серия болды. Астана мен Теміртаудағы жанкүйерлер үшін жеті тартысты матч нағыз хоккей мерекесіне айналды. Меніңше, бұл серия екі команда ойыншыларына да болашақ кәсіби мансабында көмектесетін үлкен тәжірибе сыйлады.

Қорытынды

«Барыс» – соңғы жылдардағы лиганың ең тұрақты командаларының бірі. Ұжым буын алмасуына тәуелді болмай, жоғары деңгейін сақтап келеді. Елордалық клуб алдағы уақытта да чемпионат көшбасшыларының қатарында болып, Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы үшін талантты ойыншылар даярлауды жалғастырады деген сенім мол.


ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Jas Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.