Владимир Завьялов: «Маусым барысында сенімділік, табандылық пайда болды»

4 sáýir
133

«Барыс» жастар командасының бас бапкері Владимир Завьялов өткен маусымды қорытындылады.

- Владимир Владимирович, ойыншылардың ауысуы мен құрамның айтарлықтай жасаруын ескерсек, маусым барысында икемделу қаншалықты ауыр болды?

- Бірінші кезекте, жігіттерді маусымның аяқталуымен құттықтағым келеді. Бапкерлерге ауыр болған жоқ. Барлық ойыншыларды білеміз, жұмыс жасадық. Негізгі бөлігі бәрібір 2008 жылы туылған жігіттерден болды, үш бестік. Тек психологиялық тұрғыдан оларға ауыр болатынын түсіндік. Оның үстіне, қарапайым тәжірибенің жеткіліксіздігі бар. Егер адам плей-оффта бір де бір рет ойнамаған болса, ол жердегі тартысты өзі сезініп көрмейінше, ауыр болады.

- Қақпашылар шебінің ротациясы нәтижеге әсер етті ме?

- Біз оған баса мән бермедік, біздің үш қақпашы да бір жылы туылғандар, маусым барысында шамамен бірдей ойын уақытын алды. «Негізгі» және «қосалқы» деп бөлу болған жоқ. Үшеуінің де мықты матчтары да, онша еместері де болды. Кучковскийге өзін «Снежные Барсы» құрамында көрсетуге мүмкіндік бердік. Алайда бізде Кулаков пен Сапарғалиев те бар, және олардың барлығы қақпашы ретінде бірдей. «Астанамен» серияда бұл шепке ешқандай реніш болған жоқ.

- Ал жүзеге асыру не болды?

- Жүзеге асыру – мәселенің жартысы ғана. Біз шайбаны да көп өткіздік – төрт матчта 24 шайба. Маусымда бізде ондай болмаған. Мұнда осының салдарынан шабуылда да қиындық болды. Арындап алға бастық, қарсы шабуылға тап болдық, қорғаныста осалдықтар болды, өткізбейтін жерде гол өткіздік. Плей-оффта төзімділік керек. Бастысы, қақпашыға жет, ар жағы бола жатар. Мұның барлығы тәжірибемен келеді.

- Өзін маусым барысында көрсеткен ойыншылардың атын атауға бола ма?

- Мұндай жаста біреуге үлкен сенім артқанды жөн көрмеймін. Командамызды бақылап жүргендер бізде ротация болғанын біледі. Құрамды толықтыру үшін жасөспірімдер хоккей лигасынан, «Номадтан», «Снежные Барсы» командаларынан жігіттерді тарттық. Бұл – қалыпты жағдай. Егер дәл JastarLigasy-ны алар болсақ, мұнда біздің жастар командадағы көшбасшылық позицияларды иеленді. Маусым барысында сенімділік, табандылық пайда болды. Оларға матчтардың соңындағы, артық құрам, кем құрам кезіндегі маңызды сәттерді сеніп тапсыруға болады. Қазір жаттығу процесі жалғасып жатыр, алда түрлі компоненттермен жасайтын жұмыс көп. Және барлығы әрбір аспектіде төселу керектігін түсінеді. Келесі маусымда олар ересек қарсыластарға қиналмай бәсеке тудырады деп ойлаймын.


ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Jas Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.