«Мұнайшы» командасының бас бапкері Jastar Ligasy кезекті маусымындағы команданың өнерін қорытындылады.
- Дмитрий Евгеньевич, чемпионаттың қорытындысы бойынша пікіріңіз қандай?
- Маусым біз үшін айтарлықтай ауыр өтті, тіпті жан-жақты болды деуге болады. Жақсы сәттер де, сәтсіз кезеңдер де болды, бірақ жалпы чемпионатты екі бөлікке бөлуге болатын шығар. Бірінші кезең — маусым басынан кеш күзге дейінгі уақыт. Сол аралықта бізде сәтсіз кезең орын алды. Мұны мен сыртқы факторлармен байланыстырамын. Павлодарда мұз мәселесі болды. Алғашқы екі айды сырт алаңда өткіздік — жол, ойындар, тұрақты жаттығу үдерісінсіз өте ауыр ырғақта жұмыс істеуге тура келді. Әрине, осы кезеңде жігіттер эмоциялық тұрғыда да, физикалық жағынан да қатты шаршады. Мұзға қатысты жағдай біршама тұрақталған кезде чемпионатта үзіліс болды. Сол уақытта біз кейбір ойын сәттері бойынша, қорғаныстағы әрекеттерімізге байланысты жақсы жұмыс атқардық. Маусымның екінші бөлігі, әсіресе Жаңа жылдан кейінгі кезең жаман өткен жоқ. Иә, жеңістер көп болмады, бірақ бізге қандай қарсылас келсе де, оларға лайықты қарсылық көрсетіп, сапалы, жүйелі хоккей ойнауға тырыстық, ойын құрылымы мен сапасын көрсеттік. Әрине, жеңістер көбірек болып, плей-офф үшін күрескіміз келді. Бірақ бізде басқа қалалардан хоккейшілерді, легионерлерді тартуға мүмкіндік те, ресурс та жоқ. Сондықтан жергілікті өз жігіттерімізбен ойнадық. Ең басты мақсат — олардың дамуы. Осы маусымда жинаған тәжірибелері болашақта өз жемісін береді деп сенемін.
- Жаңадан қосылған ойыншылардың ішінде сізді ең көп таңғалдырғаны кім, және сіз үшін кім маусымның басты жаңалығы болды?
- Нақты біреуді бөліп айтқым келмейді. Жалпы алғанда, команда түгел әртүрлі деңгейде алға басты: біреуі көбірек, біреуі азырақ прогресс жасады. Негізгі құрамның басым бөлігі екінші маусымын өткізген жігіттер болды — олар шынымен жаңа рөлдерге көтеріліп, нәтижеліліктерін арттырды. Жаттығу процесіне, ойындарға деген көзқарас өзгерді. Осы тұрғыда өткен жылғы ойыншылар айтарлықтай қосымша жасады. Биыл қосылған жігіттерге, әрине, бастапқыда өте қиын болды. Алғашқы екі ай бейімделуге кетті: жаттығулар басқа, жылдамдық басқа, қарқын мүлде бөлек. Дегенмен маусым соңына қарай олар да жаңа деңгейге көтеріліп, негізгі құрамдағы орынға толықтай таласа алатын дәрежеге жетті. Қақпашылар да өткен маусыммен салыстырғанда тұрақтылық жағынан айтарлықтай өсті. Кейде кімді қақпаға қою керектігін таңдауда бас қатыратын сәттер болды, себебі нәтижесі мен ойын сапасы жағынан екеуі де бірдей деңгейде өнер көрсетті.
- Келесі маусымға қандай мақсаттар бар?
- Бәлкім, біз үшін ең бастысы – жігіттерді сақтап қалуға тырысу. Маусым басталар алдында-ақ басқа командалар тарапынан, әсіресе жақсы бюджеті бар, бірақ өз мектебі жоқ клубтардан біздің хоккейшілерге үлкен қызығушылық болғанын айтқанбыз.Сондықтан келесі маусымға дәл осы құраммен кіру — біз үшін негізгі мақсат. Жігіттер өсіп келеді, келесі жыл олар үшін шешуші кезең болады деп ойлаймын. Көптеген хоккейшілер көшбасшылық рөлге толыққанды шығуы тиіс. Маусым соңында қалыптасқан осы құраммен жұмыс істегіміз келеді.Алдағы уақытта жігіттермен сөйлесеміз. Қазір команда Павлодарға оралды, шағын үзіліс бар. Бұдан кейін жаттығу процесін жалғастырып, дайындық жүргіземіз, аздап демалып, келесі жылға арналған келісімшарттар туралы әңгіме қозғаймыз.
- Жанкүйерлер туралы бір ауыз сөз.
- Шынын айтсам, біз көп қалаларға барамыз, бірақ Павлодардағыдай жанкүйер жиналатын жер аз. Шынымен де керемет, орасан зор қолдау болды. Әсіресе кешкі ойындарда, демалыс күндері өтетін матчтарда ата-аналар, туған-туыстар, достар өте көп келетін. Кейбір қалаларға ата-аналар өз қаражатымен арнайы барып, қолдау көрсетті — бұл үлкен құрметке лайық. Мұндай атмосферада ойнау өте жағымды, жігіттер де оны сезінді, әрдайым жігерленіп шықты. Осындай қолдау үшін барша жанкүйерлерге үлкен рақмет. Алдағы уақытта жеңістермен көбірек қуантып, тек қуаныш пен күлкі сыйлаймыз деп сенемін.
ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Jas Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.
Qarmet
Barys
Almaty
Torpedo
Sunqar