Максим Первухин: «Келесі маусымда қателіктер азаятынына сенімдімін»

20 naýryz
692

«Құлагер» командасының бас бапкері Jastar Ligasy-дағы кезекті маусым қорытындысын шығарды.

- Максим Валерьевич, бұл маусымдағы команданың өнерін қалай бағалайсыз?

- Бұдан да жақсы нәтиже көрсеткіміз келді. Біз плей-оффқа шыға алмадық және маусымды тым ерте аяқтадық. Менің ойымша, команданың мүмкіндігі мен әлеуеті чемпионатты жалғастыруға жететін еді. Бірақ тәжірибе, шеберлік және ойын тәртібі жетіспеді.

- Нәтижеге қарамастан, команданың басты жетістігі неде деп ойлайсыз?

- Жігіттер жеке тұрғыда да, командалық әрекеттерде де алға жылжып келеді. Мұны басты жетістік деп санаймын. Сондықтан болашаққа оптимизммен қараймыз. Тек олардың даму қарқыны сәл жылдамырақ болса деймін. Олар соған қабілетті. Бізде дайындыққа барлық жағдай жасалған, қажеттінің бәрі бар.

- Өзіңіз үшін бұл маусымдағы ең қиыны не болды?

- Ең қиыны – хоккейшілердің қателік жібергенін көріп, олардың оны түзетуін күту. Қашан дұрыс ойнай бастайтынын күту. Олар біз талап ететіннің бәрін біледі, істей алады, бірақ әрдайым орындай бермейді. Дегенмен, келесі маусымда қателіктер азаятынына сенімдімін.

- Құрамда немесе жаттығу тәсілінде өзгерістер жоспарланып отыр ма?

- Біз әрдайым хоккейшілерді дайындаудың ең тиімді жолын табуға тырысамыз және қазіргі міндеттерге қарай икемді әрекет етеміз. Сондықтан жаттығу процесіне кейде қажетті түзетулер мен өзгерістер енгізіледі. Ал құрамға келсек — иә, өзгерістер болады. Кейбір ойыншылармен жасына және лимитке байланысты, ал кейбірімен ойын себептерімен қоштасуға тура келеді. Сонымен қатар жастар лигасында ойнай алатын жас ойыншылармен толықтыру жоспарланып отыр. Жалпы, команданы жасақтау процесі ешқашан тоқтамайды, әсіресе жастар командасында.


ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Jas Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.