Жастар арасындағы Қазақстан чемпионатының кезекті маусымындағы командалардың ойынына қорытынды жасауды бастаймыз. Бүгін «Горняк» командасы туралы айтпақпыз.
Нәтижелер
Жаңартылған әрі айтарлықтай жасарған «Горняк» тұрақты маусым қорытындысы бойынша соңғы орынды иеленді, әрі соңғы бес жылдағы ең төмен ұпай көрсеткішін тіркеді. Рудный қаласының ұжымы бұл маусымды да, бірнеше ойыншыны қоспағанда, негізінен өз тәрбиеленушілерімен өткізді. Олардың көпшілігі жуырда ғана жасөспірімдер хоккейінен ауысып, өздері үшін жаңа деңгейде алғашқы қадамдарын жасауда. Әрине, құрамның аздығы да әсер етпей қоймады — ол бапкерлер штабына толыққанды ротация жасап, көшбасшыларға демалыс беруге мүмкіндік бермеді. Маусымның соңына қарай жігіттер тәжірибе жинақтап, әлдеқайда тәжірибелі қарсыластарға лайықты қарсылық көрсете бастады, алайда айтарлықтай нәтижелерге жету әзірге мүмкін болмады.
Оқиғалар
«Горняк» командасының ең жарқын матчтарының бірі 2025 жылдың қараша айында «Актобеге» қарсы өз алаңындағы кездесу болған шығар. Ойын барысында рудныйлықтар екі шайба айырмасымен ұтылып жатқанымен, кейін таразы басын теңестіріп, овертаймда жеңісті жұлып әкетті. Бір қызығы, сол кештегі шешуші голдың авторы қорғаушы Дмитрий Рязанов болды — ол толық маусым өткізбеген және жалпы алғанда небәрі екі шайба соққан еді.
Сондай-ақ «Горняктың» «Мұнайшыға» қарсы өз алаңында буллиттер сериясында (3:2) жеткен жеңісін де атап өтуге болады. Алайда бұл табыс рудныйлықтар үшін осы принципті қарсыластықтағы жалғыз жеңіс болып қалды.
Көшбасшылар
Маусым барысында «Горняктың» негізгі қозғаушы күші қазіргі құрамдағы ең тәжірибелі ойыншы – Давид Стенников болды (ол үшін бұл Jastar Ligasy-ндағы соңғы маусым еді). 40 ойында шабуылшы 12 шайба соғып, 13 нәтижелі пас берді. Айта кету керек, рудныйлық ойыншылардың ешқайсысы 20 ұпайлық межеден аса алмады.
Шектеулі құрам мәселесіне қайта оралсақ, бірден алты хоккейші маусымдағы барлық 48 матчқа қатысты. Олар: Альберт Бопп, Данил Тютяев, Денис Лопухов, Климентий Михальченко және Юрий Сергеев (соңғы үшеуі — 2008 жылы туған), сондай-ақ 16 жастағы Ярослав Федоров.
Цитата
- Негізгі мәселе — ойыншылардың көптеп алаңнан шеттетілуі. Хоккейшілер жиі уақытында ауысып үлгермей, қарсылас «жаңа күшпен» шығып, бізді өз аймағымызда қыспаққа алды. Бұл өз кезегінде іліп қалу және басқа да ережебұзушылықтарға әкелді. Сондай-ақ ойын тәртібі мен қорғаныстағы позициялық әрекеттерде де мәселелер болды.
Осындай сәтсіз маусымның негізгі факторларын «Горняктың» бас бапкері Андрей Шевченко атап өтті. Оның сөздерін статистика да айқын дәлелдейді – рудныйлықтар құрамы шектеулі болса да, жалпы 559 минут айып уақытына ие болды. Алты хоккейші жеке көрсеткішінде 40 және одан да көп айып минутын жинады. Қарапайым тілмен айтқанда, маусымдағы әрбір ойында қарсыластар кемінде 4–5 рет басымдықты (артық құрамды) пайдалануға мүмкіндік алып отырған.
Қорытынды
«Горняк» командасының бас бапкерінің айтуынша, келесі маусымда клуб басшылығы мен жаттықтырушылар штабы жанкүйерлерін жеңістермен жиірек қуантатын бәсекеге қабілетті ұжым құруға тырысады. Бұған негіз бар – жас ойыншылар Jastar Ligasy-нда толыққанды маусым өткізіп, енді командадан кеткен көшбасшылардың орнын басуы тиіс. Алайда ол үшін нәтижелі маусымалды дайындық өткізіп, жаңа чемпионаттың басталуына тыңғылықты әзірлену қажет.
ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Jas Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.
Qarmet
Barys
Aqtóbe
Torpedo
Jas Batyr