Сергей Егоров: «Қазір ойыншылардың жеке дамуына баса назар аударамыз»

4 mamyr
526

«Сұңқар» бас бапкері команданың Jastar Ligasy-ның кезекті маусымындағы өнерін қорытындылады.

- Сергей Юрьевич, маусымның қорытындысы команда алдына маусым басында қойылған нәтижеге сәйкес келе ме?

- Ашығын айтсақ, жоқ. Біздің алдымызда әрдайым ең жоғары мақсаттар тұрады, кем дегенде — финалға шығу. Бұл көпшілік алдында ашық айтылған жоқ, алайда команда ішінде біз дәл осы мақсатқа ұмтылып, жігіттерді соған дайындадық. Өкінішке қарай, қойылған міндетті орындай алмадық.

- Сіздіңше, жоғарырақ нәтиже көрсетуге не кедергі келтірді?

- Егер чемпионатты басынан бастап талдайтын болсақ, негізгі мәселе мүмкіндіктерді пайдалану жағынан болды. Біз гол салатын сәттерді көптеп туғыздық, бірақ шешуші сәттерде дәлдік жетіспеді. Сонымен қатар орынсыз айып минуттары бүкіл маусым бойы ойын құрылымын бұзып отырды. Жасы үлкен, құрамды күшейтеді деп алынған ойыншылар жүктемені толық көтере алмады, әсіресе шабуылды аяқтау мен тұрақтылық жағынан. Сол себепті маусым бірқалыпты өтпеді: команда бірде жоғары көтерілсе, бірде қайта төмен түсіп отырды. Көптеген матчтар дәл сол 100 пайыздық мүмкіндіктерді пайдалана алмағандықтан жоғалды. Тіпті бос қақпаға соқпай қалған жағдайлар да болды. Мұндай эпизодтардан кейін команда психологиялық тұрғыда әлсіреп, ойын барысы қарсылас пайдасына бұрылып кетіп отырды.

- Дәл қазір алдарыңызда қандай міндеттер тұр?

- Қазір біз ойыншылардың жеке дамуына баса назар аударып отырмыз. Мұздағы дайындықтан бөлек, жаттығу залында да маңызды жұмыс қосылды: техникалық және күштік бағытта. Басты мақсат – жігіттерге дұрыс база қалыптастыру, яғни олар жаттығуларды сауатты орындап, күш жағынан дамып, дұрыс сырғанай алуы, мұзда тиімді позиция таңдауы және ойын жағдайларын дұрыс түсінуі. Қазір мұның барлығымен жүйелі әрі сабырлы түрде жұмыс істеуге уақыт бар, және біз осы мүмкіндікті барынша тиімді пайдаланамыз.

- Келесі маусымға қатысатын құрам бойынша түсінік бар ма?

- Белгілі бір түсінік бар. Басым бөлігі сақталады, бірақ көп нәрсе келіссөздер процесіне байланысты: кім жалғастыруға дайын, кімнің басқа жоспарлары бар. Бұл – қалыпты жұмыс барысы. Біз әрдайым құрамды күшейтуге ұмтыламыз. Бұл бағыттағы жұмыс қазірдің өзінде жүріп жатыр. Қазіргі уақытта біз нұсқаларды талдап, кандидаттарды қарап жатырмыз. Барлығы қалай аяқталатынын уақыт көрсетеді.


ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Jas Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.