Маусым қорытындысы. Торпедо

8 maýsym
237

Командалардың Қазақстан жастар чемпионатының кезекті маусымындағы өнерін қорытындылауды жалғастырамыз. Бүгін әңгіме «Торпедо» туралы болмақ.

Нәтижелер

Өскемендік ұжым Jastar Ligasy көшбасшыларының қатарына баяғыда-ақ еніп қойған. Алайда команда әзірге көптен күткен чемпиондыққа жете алмай жүр. Бір қызығы, соңғы үш маусым қатарынан «Торпедо» жартылай финалда болашақ чемпионға жол беріп, кейін қола жүлде үшін өткен серияда қарсыластарынан басым түсіп келеді. Сонымен қатар жастар командасы Шығыс Қазақстан клубының негізгі құрамына лайықты ойыншылар даярлау ісін де табысты атқарып келеді.

Маңызды оқиғалар

«Торпедо» ел чемпионы «Астанамен» маусымдық кездесулерде басым түскен үш команданың қатарына енді. Оның үстіне, өскемендіктер мен елордалық «Барыс» қана қарсыласын негізгі уақытта төрт рет жеңе алды.

Сондай-ақ тұрақты чемпионаттың соңындағы команданың қарқынды өнерін атап өткен жөн. Алексей Решетниковтің шәкірттері соңғы он матчтың сегізінде жеңіске жетіп, плей-оффты турнирлік кестенің жоғарғы бөлігінен бастауға мүмкіндік алды.

Көшбасшылар

Маусымның жарқын жаңалықтарының бірі 17 жастағы Владислав Ануфриев болды. Ол маусым барысында 90-ға жуық ұпай жинады. Оның еншісінде 57 матч бойынша 33 гол және 53 нәтижелі пас бар. Сонымен қатар шабуылшы плей-оффтың үздік сұрмергендері тізімінде бірінші орынға көтерілді. Сондай-ақ Роман Худяков (33+37) пен Данил Челюк (29+29) та өз ойындарын айтарлықтай жақсарта білді.

Цитата

– Маусымаралық кезеңде команда құрамының жартысынан көбі жасарды. Жаттығу жиындары басталар алдында өткен жылғы құрамнан бар болғаны он бір ойыншы қалды, олардың өзі бұрын көшбасшы буындарда ойнамаған хоккейшілер еді. Сондықтан олар мұз айдынында да, киім ауыстыратын бөлмеде де көшбасшылық жауапкершілікті өз мойнына алуға психологиялық тұрғыдан бейімделуі қажет болды, – деді «Торпедоның» бұрынғы бас бапкері Алексей Решетников. – Өткен маусым біздің команда үшін үлкен тәжірибе болды. Маусымды жүлдегерлер үштігінде аяқтау міндетін орындадық.

Қорытынды

«Торпедо» қатарынан үш маусым бойы қола жүлдегер атанып келеді, ал 2021 жылы финалға дейін жеткен болатын. Дегенмен Қазақстан хоккейінің бастауы саналатын өңірдің командасы бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізе алады деген сенім бар. Өскемен жанкүйерлері алғашқы чемпиондықты асыға күтуде. Алдағы маусымда тарихи жетістікке жетуге жаңа бас бапкер Андрей Корабейников талпынып көреді. Ол өткен маусымда да жергілікті шеберлер командасымен үшінші орынға ие болған еді.


ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Jas Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.