Александр Истомин: «Ел намысын қорғау – бұл мақтаныш та, үлкен жауапкершілік те»

12 qarasha
1727

Нұр-Сұлтанда Қазақстан жастар құрамасының ОЖЖ аяқталды. Александр Истоминнің жетекшілігімен өткен жаттығулар 7 және 11 қараша аралығында өтті. Үміткерлер Қазақстанның түгелдей барлық командасынан шақырылды. Желтоқсанда елордада Данияда өтетін жиын мен бірінші дивизионның А тобындағы әлем жастар чемпионатына аттанатын үміткерлер бас қосады. Топ-дивизионға шығу үшін Қазақстан құрамасы Латвия, Норвегия, Дания, Венгрия және Беларусь командаларымен тартысқа түседі.

Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері Александр Истомин Қазақстан хоккей федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында өткен жиындарды қорытындылады.

- Жиындар қысқа мерзім ішінде өтті, 48 адамды жинадық. Қазақстанда бар үміткерлердің барлығын тартуға тырыстық. Жасы бойынша келетіндердің барлығын қарап-байқауға ұмтылдық. Біз оларға осы жиындарда ғана емес, бұған дейін де көз салып жүргенбіз. Статистиканы, қандай командаларда ойнайтындарын қарадық. Бұдан ертерек жиналуға мүмкіндік болмады, өкінішке орай. Жиындардың қорытындысы бойынша біз тестілеу өткіздік, бірінші кезекте жігіттердің функционалдық мүмкіндіктерін қарадық. Өзара бақылау ойындарын өткіздік. Жігіттердің барлығы жарады, өздерін көрсетуге тырысып-бақты. Командада тек 23 адам – 20 алаң ойыншысы мен үш қақпашы қалатыны түсінікті. Алайда өзіміз үшін белгілі бір қорытынды жасағанымыз анық.

- ҚХЛ-да да жігіттер орындықта отырып қалатын кездер болады. Алайда қазір Дінмұхамед Қайыржан ойын уақытына ие болып жүр, бұл тәжірибе ықпал ете ме?

- Димашқа қатысты айтар болсам, ол қазір ойнап жүр және ойыны көңіл көншітеді. Осы жиындарда ол болған жоқ, алайда «Барыс» үшін ойнап жүрген матчтарда іркілмей ойнап жүр. Шын мәнісінде ол ортадағы торап, шабуылды жалғастыратын ойыншы, жекпе-жектен тайсалмайды, ойынды түсініп, мұз үстіндегі өз міндетін атқарады. Бұл оның сенімді ойыншы екенін білдіреді. ҚХЛ-дағы ойындарындағы сенімділігі құрамада да бәсеңдемейді деп үміттенем. Осынысы көңілге медеу.

- Алдағы қарсыластармен ойнап көрген жоқпыз және олар туралы білетініміз аз сияқты.

- Біз бұл командаларды бақылап келеміз, Беларусь құрамасы барлық жас топтарымен халықаралық турнирлерге қатысып жүр. U-20 да қазір Елгавада ойнап жатыр, ондағы дәл осы Беларусь және Латвия құрамалары. Біздің бір кемшілігіміз: өз деңгейімізді нақ бағалай алатын осындай халықаралық тәжірибенің жоқтығы. Өзара ойнайтын матчтарымыз бар ғой, алайда олар біздің дәл қазіргі сәттегі нақ деңгейімізді көрсетпейді. Өкінішке орай, деңгеймізді әлем чемпионатында анықтауға тура келеді. Чемпионатқа дейін екі матч ойнап үлгерсек, жақсы болар еді.

- ӘЧ басталардың алдындағы келесі жиынға қатысты қандай жоспар бар?

- 4 желтоқсан күні Данияға ұшып, екі бақылау матчын өткізуді жоспарлап отырмыз. Алғашқы ойын 12 желтоқсан күні Венгрия құрамасына қарсы өтпек. Данияға бізбен бірге 28 ойыншы аттанады, бақылау матчтарының нәтижесіне қарай ақырғы құрамды анықтаймыз. Жігіттер өз мүмкіндіктерін нақ бағалайды, барлығын жақсы түсінеді. Біреу мықтырақ, біреу әлсіздеу.