​Александр Истомин: «Жігіттердің сенімділігі мен нәтижелілігін ескердік»

3 jeltoqsan
1370

Қазақстан жастар құрамасы Данияға аттанады, онда 12-18 желтоқсан аралығында 20 жасқа дейінгі командалар арасында бірінші дивизионның А тобында әлем чемпионаты өтеді.

Жастар командасының бас бапкері Александр Истомин ҚХФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында Нұр-Сұлтандағы қысқамерзімді жиындарды қорытындылады, сонымен қатар турнирден не күтетінімен бөлісті.

- 1-3 желтоқсанда жиындарды өткіздік. Бәрі стандартты түрде – тактикалық жаттығулар, қалыпқа келу шаралары. Еш құпия жоқ, дайындалу үстіндеміз.

- Құрам туралы айтып берсеңіз, кеңейтілген тізім жария етілді ме?

- Бізбен бірге 28 хоккейші: 25 алаң ойыншысы және үш қақпашы аттанады. Даниядағы екі бақылау ойындарының қорытындысы бойынша түбегейлі құрамды анықтаймыз. Өкінішке орай, бірнеше ойыншы үйге қайтады. 12 желтоқсан күні әлем чемпионатының алғашқы матчын өткіземіз.

Жігіттер бойынша бүкіл ақпарат алдын ала жиналды, бәлкім жиын соншалықты көп болмаған шығар – соңғысын қарашада өткіздік, 5 күн бойы екіжақты матчтар ойнадық. Әрбір ойыншыны бақыладық. Статистикаларын, қайда және қай лигада ойнайтындарын, командаларында қанша ойын уақытын алып жүргенін, сенімділіктері мен нәтижеліліктерін ескердік. Бұл – құрамаға өтетін үміткерлерді іріктеудің негізгі шарттары. Үш жігіт басқа командадан келді, ал негізгі бөлігі «Снежные барсы» командасынан.

- Құрамда қазір әлемнің жастар чемпионатына қатысып көрген екі тәжірибелі ойыншы бар. Станислав Александров пен Ансар Шайхмедденов топ-дивизионда ойнаған. Ал қалғандарының, өкінішке орай, ондай үлкен халықаралық тәжірибесі жоқ па?

- Иә, өкінішке орай, бізде өзіміздің нақты деңгейімізді анықтай алатын халықаралық деңгейдегі қарсыластармен бақылау матчтары болмады. Ондай мүмкіндік болған жоқ. Деңгеймізді бірден сонда, алдағы екі бақылау матчы мен әлем чемпионатында анықтаймыз. Уақыт аз қалды, небәрі бір апта. Үмітіміз мол. Қазіргі командада 2003, 2004 жылы туылған жігіттер. Қазақстан бойынша 2002 жылы туылған деңгейі жақсы хоккейшілер жоқ, өкінішке орай. Ешкімді ренжіткім келмейді, алайда бұл объективті ақпарат. Және ойыншыларды статистикасы мен көрсеткіштеріне қарай таңдадық. Жасы кішірек жігіттер құрамға еніп, командада қалса – бұл олар үшін тамаша халықаралық тәжірибе, себебі сәуірде 18 жасқа дейінгі әлем чемпионаты өтеді.