Jastar Ligasy: желтоқсанды қорытындылаймыз

31 jeltoqsan
1462

Қазақстан жастар чемпионатында кезекті айды қорытындылаймыз.

28 матчта 22 рет жеңіске жетіп, 69 ұпай жинаған «Барыс» жаңажылдық демалысқа аралық көшбасшы дәрежесінде аттанды. Александр Березенскийдің ойыншылары қорғаныс бойынша да Лига көшбасшылары атанып отыр. Елордалық ұжымның пассивінде небәрі 65 шайба бар.

Турнир кестесінде екінші болып келе жатқан «Ястребы» командасының да қоржынында дәл соншама балл бар. Алайда оралдық ұжым қосымша көрсеткіштер бойынша елордалық қарыластарға есе жіберді, оның үстіне төрт матчты артық ойнады.

Үздіктер үштігін «Барыс-Жас» тұйықтайды. Команда Лигадағы ең жас ұжым болғанына қарамастан, Сергей Старыгиннің ойыншылары чемпионаттың ең нәтижелі ұжымы атанып отыр. «Барыс-Жас» ойыншылары қарсыластың қақпасына 176 шайба салды.

Плей-офф үшін күресті он ұжым жалғастыруда. Ал «Горняк»» пен «Мұнайшы» кубоктік раундқа шыға алмайтын сыңайлы. Нәтижелілік тұрғысынан ақсап тұрған қос ұжым да турнир кестесінің төменгі бөлігіне орналасқан.

Өткен айдың ең нәтижелі матчы Нұр-Сұлтанда 2 желтоқсан күні болып өтті. Осы күні «Барыс-Жас» Мұнайшыны 16:3 есебімен ойсырата жеңген болатын. Бұл биылғы чемпионаттағы ең ірі есеп.

Бүгінгі таңда Jastar Ligasy-ның үздік бомбардирі мен сұр мергені – «Ястребы» командасының өкілі Даниил Некрасов. Шабуылшының есебінде 39 шайба және 66 ұпай бар. «Алматыға» қарсы желтоқсандық матчта Даниил 5 (2+3) балл жинады, алайда бұл ол үшін рекордты нәтиже емес. Қазан айында Некрасов бір ойында 8 (2+6) ұпай жинап, таң-тамаша етті.

«Барыс-Жастағы» Асанәлі Русланұлы Лиганың үздік ассистенті атанып отыр. Ол әріптестеріне 42 рет нәтижелі пас берген.

«Ястребы» командасының капитаны Игорь Залевский қорғаныс ойыншылары арасында ең жоғары көрсеткішке ие. Ол чемпионаттағы ең үздік (+50) нәтижелілік көрсеткішінде 46 (19+27) балл жинаған.