Ильгиз Нуриев: «Негізгі матчтарға күш қалмады»

3 mamyr
1783

«Құлагер» жастар командасының бас бапкері Ильгиз Нуриев өткен маусымды қорытындылады.

- Сіз «Құлагер» ЖХК тізгінін 13 желтоқсан күні ұстадыңыз. Алдыңызға қандай міндеттер қойылды?

- Бірінші кезекте ұжымды біріктіру керек болды. Меніңше, адамдарға деген сенім міндетті түрде нәтиже береді. Тұрмыстағы, жаттығу процесіндегі тәртіпті ретке келтіру керек болды. Мұны жолға қойғанда ғана хоккейге қатысты өз пайымыңды жеткізуге, қандай да бір тактикалық ойын өрнектеріне баулуға болады. Шын мәнісінде бұл – үлкен жұмыс.

- Жатығу процесі өзгерді ме және маусым қызған шақта ойынды жолға қою қаншалықты қиын болды?

- Жаттығу процесі өзгергені анық. Жігіттердің жаттығулар кезінде жаңа талаптары пайда болды. Алайда жігіттерден әлдене талап етпей тұрып, бізге оларды үйрету керек болды. Ал келесі мәселе – хоккейшінің өзінің қабілеті, ол үйренгісі келе ме, ақпарат сіңіргісі келе ме? Хоккейші қателіктерден өтеді. Қателіктерге неғұрлым азырақ бой алдырсаң, нәтиже соғұрлым жақсырақ болады. Сондықтан әрбір спортшы бапкер өзін сынаған немесе қателіктерін көрсеткен кезде түсініп, жағдайды қорытуы тиіс. Біз үлкен жұмыс жасадық.

- Маусымның қорытындысы бойынша командаға қандай баға бере аласыз?

- Маусымға берер бағам әрине қанағаттанарлықсыз, себебі біз плей-оффқа өтпедік. Ауқымды жұмыс жүргізген жігіттер мен бапкерлер штабына алғысым зор. Бірнеше күнге болса да біз қол жетпейтін сегізінші қатарға өрмелеп шықтық. Тек жігіттердің күші жетпеді, басқа командалармен бәсекелесу үшін ойыншылар жеткіліксіз болды. Негізгі матчтарға күш қалмады.

- Келесі маусым алдындағы ойыншылардың келісімшарттары туралы не белгілі?

- Қазір біз белсенді түрде ойыншылар іздеумен айналысып жатырмыз, ұдайы тілдесіп жатырмыз. Біз сөйлесіп жатқан ойыншылар келіссе, жаңалықтар барлығын қуантатыны анық. Сонымен қатар біз жаттығуларға мұндай жүктемеге үйрене берсін деп 2006 жылғы туылған жастарды қатыстыра бастадық.