Марк Поленов: «Командалық жетістік жеке бастікінен әлдеқайда маңызды»

4 qarasha
940

Қазан айының қорытындысы бойынша өз амплуасында үздік деп танылған «Ақтөбенің» қорғаушысы Марк Поленов клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында өз әсерлерімен бөлісті.

- Марк, қазан айының үздік қорғаушысы атануыңызбен құттықтаймыз. Сен өткен жылғы тұтас маусымда жиған ұпай саныңды биыл 14 матч ішінде жинап тастадың. Мұны немен байланыстырасың?

- Құттықтауларыңызға рақмет! Нәтижелілікке қатысты, өткен маусым аяқталғанда-ақ өз алдыма жақсырақ ойнау деген мақсат қойғанмын. Сондықтан маусымаралықта көп жаттығып, демалыс кезінде де жаттығу залына бардым, мұзға шықтым дегендей. Оның үстіне, маусым басталар алдында жазда жиындар жақсы өтті. Осы көмектескен шығар. Әйтсе де, бұдан да жақсырақ ойнай алам деп ойлаймын.

- Ойындарға қарасақ, сен өзіңді қорғаныста да, шабуылда да жақсы сезінесің. Дегенмен саған қайсысы жайлырақ?

- Маған жайлысы – мұзда командаммен бірге болу, шабуыл ма, қорғаныс па – маңызды емес. «Барыс» жүйесінде ойнап жүргенімде жаттығулар кезінде мен мында да, анда да жаттығулар жасайтынмын. Біреу жарақат алып қалса, оның орнын баса алу үшін.

- Ал қақпашы позициясына қалай қарайсың?

- Жоқ, рақмет! (күледі). Ойыншылар кеудесімен шайба қағып, қақпашыларға көмектеседі. Осының өзі жеткілікті деп санаймын.

- Сен тең құраммен салынған шайбаларды санамағанда, артық құраммен де, кем құраммен де шайба салдың. Сен үшін олардың қайсысы құнды?

- Маңызды емес шайба болмайды деп ойлаймын. Бірақ 14 қазанда «Құлагерге» қарсы матчта кем құраммен салған шайбам есте қалды, сол кезде 1:0 есебімен жеңіске жеттік.

- Сен жастар үшін де, PRO LIGASY-нда да ойнайсың. Тым көп салмақ түспей ме?

- Барлығы жақсы, меніңше бәрі психологияға байланысты. Қалай қабылдайсың – солай болады. Сенім білдіріп, ойнауға мүмкіндік беретін бапкерлерге алғыс айтамын.

- Алдыға лиганың ең нәтижелі қорғаушысы болу деген мақсат қоясың ба?

- Әрине, бұл қуантарлық жайт болар еді. Алайда командалық жетістік жеке бастікінен әлдеқайда маңызды. Егер солай болып жатса, жетістігімді командаластарыммен бірге бөлісемін. Алайда бәрінен де Jastar Hokei Ligasy-ның басты жүлдесін алғым келеді.


ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Jas Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.