Маусымның қорытындысы. Мұнайшы

31 naýryz
1630

Қазақстан жастар чемпионатындағы аяқталған маусымды қорытындылаймыз.

2021/22 жылғы маусым павлодарлық хоккей үшін ауыр болды. Дағдарыс «Мұнайшыны» да айналып өтпеді. Ұжым көптеген көрсеткіштер бойынша Jastar Ligasy-ның ең нашар командасы атанды.

Тұрақты чемпионат

Жас павлодарлық ұжым 48 текетірестің тек 2-еуінде жеңіске жетіп, нәтижесінде 8 ұпай жинады. Бұл ретте «Мұнайшы» ойыншылары небәрі 78 шайба (бір ойында орта есеппен 1,8 гол) салды. Мұндай нәтижелілікпен плей-оффтан орын алмақ түгілі, ең соңғыдан жоғарырақ орыннан дәмелену артық болар еді. Дмитрий Митенковтың ойыншылары ара-арасында қызықты ойындар көрсетіп тұрды, алайда негізінен барлық кездесулер команданың ойсырай жеңілуімен аяқталып отырды. Сондықтан «Мұнайшы» пассивінде 300-ден астам өткізілген шайба бар жалғыз ұжымға айналды.

Көшбасшылар

«Мұнайшы» бомбардирлерінің қорытынды тізімінде барлық ауысуларды ескергенде, екі хоккейші ғана 20-дан асыра ұпай жинады. Шабуылшы Акарыс Маткабыл 34 кездесуде 27 (11+16) балл жинады. Павлодарлықтардың ең нәтижелі ойыншысы Георгий Обухов болды, оның есебінде 33 (15+18) балл бар.

Қақпашы

«Мұнайшының» өткен маусымдағы сөзсіз нөмірі бірінші ойыншысы Аркадий Гущин болды. Ол 40 матчта мұзға шығып, 2000 минуттан астам ойнады. Голкипер орта есеппен матчта 8,1 шайба өткізіп, соққылардың 81,2%-ына тойтарыс берген. Маусымдағы команданың екі жеңісін өз есебіне жазған да осы ойыншы.

Қорытынды

Команда өткен жылы плей-оффқа шыққандықтан павлодарлық жанкүйерлердің кемінде сол жетістікті күтуі заңды еді. Алайда биылғы жыл «Мұнайшы» үшін көптеген объективті себептер бойынша оңтайлы болмады. Олардың негізгілері – құрамның ұдайы ауысуы және өте төмен нәтижелілік. Жазда команданың бапкерлер штабына бұл маусымның қорытындысын қайталамау үшін түбегейлі өзгерістер жасау қажет.